Қазіргі Қазақстанның мемлекеттік қызметі: реформалар және жаңа мүмкіндіктер
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызмет – бұл тиімді басқарудың негізі, халық пен биліктің арасындағы байланыстырушы буын. Дәл осы мемлекеттік қызметшілер ел алдында тұрған стратегиялық міндеттерді іске асырады, тұрақтылық пен азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары Қазақстан бұл маңызды салада ашықтық, әділдік және тиімділік принциптерін ұстана отырып, ауқымды реформаларды жүзеге асырып келеді.
Маңызды жаңалықтардың бірі – мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жақсы бағаға оқыған жоғары оқу орындарының түлектеріне мемлекеттік органдарда конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігінің берілуі. Жоғары академиялық көрсеткіштерге ие жас мамандар мемлекеттік қызметте жұмысын бастап, жаңа идеялар мен заманауи тәсілдерді енгізу арқылы елдің дамуына үлес қосады деп күтілуде.
Тағы бір маңызды қадам – цифрландырудың кеңеюі. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу үдерістері «eqyzmet.gov.kz» порталына ауыстырылды. Бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етті. Әрбір азамат үйден шықпай-ақ байқауға өтінім бере алады, ал жүйе бағалаудың объективтілігіне кепілдік береді.
Мемлекеттік қызметтегі реформалардың келесі бір жарқын мысалы – облыстарда алғаш рет құрылған өңірлік кадр резервтері.
Бұл резервтер аймақтық деңгейдегі басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік қызметке жас әрі дарынды мамандарды тартуға бағытталып, облыс әкімдері үшін перспективалы кадрлар базасы ретінде қызмет етеді. Өңірлік кадр резервінің басты
ерекшелігі – оның жергілікті атқарушы органдардың лауазымдарына конкурссыз тағайындау үшін пайдаланылуы. Бұл ретте, Қарағанды облысының өңірлік кадр резерві аймақтық басқару жүйесін нығайтып, азаматтардың қажеттіліктеріне сай тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Ротация жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Ротацияға жататын лауазымдар санатының кеңеюі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуіне ықпал етеді және әртүрлі аймақтық жағдайларға бейімделу мүмкіндігін береді. Бұл жүйенің серпінділігін арттырып, тоқырауға жол бермейді.
Қазіргі кезде қазақстандықтар мемлекеттік қызметтен тек міндеттерді орындауды ғана емес, сонымен қатар қоғамның нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған белсенді тәсілді күтуде.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жас мамандар үшін барынша тартымды болуда. Ашық іріктеу үдерістері, мансаптық өсу мүмкіндіктері, сондай-ақ кәсібилік пен әділдікке басымдық беру мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениетін қалыптастыруда.
Бұл реформалар – жүйені жаңартудың ғана емес, азаматтарға қызмет ететін мемлекет құруға бағытталған ұмтылыс. Алда көптеген міндеттер тұрғанымен, қазіргі өзгерістер тиімді мемлекеттік басқарудың берік негізін қалап отыр.
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар – бұл бәсекеге қабілетті, заманауи және ашық мемлекетті құру жолындағы маңызды қадам.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет – бұл тек мансап қана емес, ел болашағын өзгертудің, тарихи өзгерістердің бір бөлігі болудың мүмкіндігі.
Жандос СӘРСЕН
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Қарағанды облысы бойынша
департаментінің басшысы
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы