БАЛА БУЛЛИНГКЕ ҰШЫРАМАСЫН ДЕСЕК
Буллингке ұшырамас үшін не істеу керек? Аймақтағы ахуал қалай? Осыған тоқтала кетсек. Бала қатыгездігі туралы ЮНИСЕФ жариялаған деректен көруге болады. Мəселен, əлемдегі 150 миллион бала мектепте немесе құрдастары тарапынан зорлықзомбылыққа ұшырайды екен. Ал Қазақстанда əрбір бесінші жасөспірім — буллингтің құрбаны.
Елімізде буллингтің нақты статистикасын анықтау қиын. Себебі мектеп әкімшілігі мұндай жағдайларды жасырып қалуға мүдделі. Дегенмен, Қазақстан буллингпен күресу бағытында нақты қадамдарға көшіп, баланы жәбірлеудің профилактикалық қағидаларын бекітті. Бұл қағида Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығымен қабылданған.
Аталған қағидаға сәйкес, білім беру ұйымдарының әкімшілігі балаларды жәбірлеуге жол бермеу үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, жыл сайын оқу жылының басында буллингтің алдын алу жоспары бекітіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер буллингке ұшырау жағдайлары анықталса, жедел түрде ақпарат жиналып, сынып жетекшісі педагог-психологпен бірлесе отырып, жәбір көрген және жәбірлеген балалармен әңгімелесу ұйымдастыруы тиіс.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 2,7 пайызға өскен. Бұл мәселе Қарағанды облысы әкімдігінде өткен кеңесте қаралды. Кеңесте балаларды буллингтен қорғау әдістері талқыланды. Жаңа оқу жылы басталғалы арнайы сауалнама нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қорқыту мен бопсалаудың (буллингтің) екі фактісі анықталған. Бір жағдай Қарағанды қаласында, екіншісі Абай ауданында тіркелген.
Балаларды қорлау мен кибербуллингтен қорғау мақсатында Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдарында педагог-координаторлар жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, аймақтағы тоғыз мектеп республикалық «KiVa буллингке қарсы бағдарламасы» пилоттық жобасына қатысуда. Бұл бағдарлама аясында балалар эмоцияларын дұрыс білдіруді үйренеді. Сонымен қатар, «ДосбоLike» науқанына бес мектеп қатысып, әлеуметтік-эмоционалдық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралар өткізуде.
Буллингтің алдын алу бойынша жүргізілетін профилактикалық жұмыстар туралы Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова жастар кеңесінің отырысында айтып берді:
— Өткен жылдан бастап облыста бірнеше жаңа жоба іске асырылуда. Мысалы, педагогикалық көңіл бөлуді қажет ететін оқушыларды ерте анықтау мақсатында буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін ерте тануға арналған әлеуметтік-психологиялық бақылау картасы әзірленді. Бұл құралды психологтар мен әлеуметтік педагогтар сабақ барысында пайдаланады. Сынып жетекшілерінің жоспарында «Психолог сағаты» енгізілген, — деді Гүлбақыт Жүнісова.
Сонымен қатар, биыл полиция департаментімен бірлесіп, бес мектепте «Жас Сақшы» пилоттық сыныптары ашылды. Бұл жобаға Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалалары мен Нұра ауданы қатысты.
Облыстың 316 мектебінде психологтық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған HR+ жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылды.
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Қарағанды экономикалық университеті Қазтұтынуодағының өкілдері жоғары оқу орындарындағы буллингтің алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.
— Бұл мәселе тек мектептер үшін ғана емес, жоғары оқу орындары үшін де өзекті. Буллингті жою ғана емес, оның алдын алу шараларын қабылдау маңызды, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған қағида бойынша облыстың барлық оқу орындарында күнделікті алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, бұл буллингтің толықтай жойылғанын білдірмейді. Заң қабылданғанның өзінде бұл мәселені 100% шешу мүмкін емес. Оның үстіне, мектептегі жағдай елдегі толеранттылық деңгейімен тығыз байланысты.
Әрине, буллинг – әлемде шешімін таппай отырған маңызды мәселелердің бірі. Оны толық жою мүмкін болмаса да, алдын алу шараларын ұйымдастыру өте маңызды.
Әдебиет Белгібайұлы