Ел ертеңін айқындайтын таңдау
Қоғамдық-саяси өмірдегі ауқымды өзгерістердің тарихи маңызы бірден аңғарыла бермейді. Бүгін қабылданған шешімнің шынайы бағасын уақыт беріп, нәтижесін келешек ұрпақ таразылайды. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесіндегі әрбір жаңалыққа байыппен қарап, оның ел болашағына ықпалын түсіну – саналы азаматқа ортақ жауапкершілік.
Қазақстан маңызды саяси кезеңнің алдында тұр. 23 тамызда азаматтар ел тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады. Осылайша, жаңа Конституцияда айқындалған мемлекеттік реформалар нақты жүзеге асып, бір палаталы Парламенттің құрамы жасақталмақ. Ендігі саяси институттардың қандай бағытта жұмыс істейтініне сайлаушылардың таңдауы тікелей әсер етеді.
Құрылтай атауы халқымыз үшін терең тарихи мәнге ие. Қазақ даласында елдің тағдырына қатысты маңызды мәселелер алқалы жиында талқыланып, ортақ шешім қабылданған. Жұрттың игі жақсылары бас қосқан мұндай кеңестер халықтың бірлігі мен ортақ жауапкершілігінің көрінісі болған. Көппен ақылдасып, мәмілеге келуді қадір тұтқан ұлттық дүниетаным «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген тағылымды сөзден де аңғарылады.
Әрине, қазіргі Құрылтай – бұрынғы тарихи кеңестердің қайталанған үлгісі емес. Ол заң аясында қызмет ететін, мемлекеттің заң шығарушы билігін жүзеге асыратын заманауи жоғары өкілді орган болмақ. Сондықтан тарихи атаудың беделі мазмұнды жұмыс, кәсіби пікірталас, сапалы заңдар және халық алдындағы нақты жауапкершілік арқылы қалыптасуға тиіс.
Жаңа саяси модель бойынша Сенат пен Мәжілістен құралған қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Оның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат енеді. Сайлау біртұтас жалпыұлттық округ бойынша, партиялық тізімдер негізінде өтеді. Яғни азаматтар жеке үміткерге емес, бағдарламасы мен ұстанымын қолдайтын саяси партияға дауыс береді.
Бұл жағдай партиялардың жауапкершілігін де арттыра түседі. Сайлаушыларға ұсынылған бағдарламалардың мазмұнына, үміткерлердің кәсіби тәжірибесіне және олардың елдегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты көзқарасына назар аудару маңызды. Әлеуметтік желідегі әсерлі ұрандар мен қысқа мәлімдемелерден гөрі, нақты ұсыныстар мен оларды жүзеге асыру тетіктері шешуші мәнге ие болуы керек.
Бір палаталы Парламент заң жобаларын қарау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік бергенімен, Құрылтай депутаттарына жүктелетін жауапкершілікті еселейді. Бұған дейін заң жобалары екі палатаның талқылауынан өтсе, енді негізгі міндет бір ғана өкілді органға жүктеледі. Бұл әрбір бастаманы жан-жақты саралап, қоғамның түрлі топтарының пікірін ескеруді және асығыс шешімдерге жол бермеуді талап етеді.
«Менің бір дауысымнан ештеңе өзгермейді» деген түсініктің негізсіз екенін де ескерген жөн. Пропорционалды сайлау жүйесінде партияларға берілетін мандат саны олардың жинаған дауыс үлесіне қарай анықталады. Демек, әрбір сайлаушының таңдауы Құрылтайдың құрамына және елдің алдағы саяси бағытына ықпал етеді.
Сайланатын 145 депутат бес жыл бойы заңдар қабылдап, мемлекеттік бюджеттің орындалуын қадағалап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдерге қатысады. Сондықтан Құрылтай құрамынан кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті, мемлекет мүддесін биік қоятын және халықтың талап-тілегін жеткізе алатын тұлғалардың орын алуы маңызды.
23 тамыздағы сайлау – бір күндік саяси науқан ғана емес. Бұл – елдің алдағы даму бағытын айқындауға берілген мүмкіндік. Әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, дауыс беру құқығының маңызын түсінгенде ғана саяси жаңғырудың мәні арта түспек.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
247media.kz

