Әлемдік рекордты жаңартқан ұстаз бен шәкірт

Просмотров: 19

«Ұлттық Аламан құрақ»

Бүкіл әлемнің назарын аударған биылғы дүниежүзілік көшпенділердің «Аламан құрақ» жобасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 450 қолөнерші жиналды.

Тарихи жобаның бастамашылары алматылық Нұргүл Абылайханқызы мен дизайнер Батырбекова Әсел Бердібекқызы болды. Жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрін, асыл мұрасын және ұлттық құндылықтарын ою-өрнек арқылы бүкіл әлемге паш ету.
Еліміздің төрінде ұйымдастырылған ауқымды шараға 20 киіз үй тігіліп, алыс-жақыннан келген қонақтар қатысты. Шараға 89 елді мекеннен сан мыңдаған қонақтар жиналды. Көпшіліктің назарын ерекше аударған Түркістандағы Ахмет Яссауи бабамыздың шаһарындағы үлкен «Тайқазан» болды. Төрдің қақ ортасына қойылған көне жәдігердің айналасына алып құрақ жайылды. Қазақылықтың ерекшелігін айқындаған алып құрақтың ені – 40 метр, ұзындығы – 252 метр болды.
Алып құрақтың дизайны ерекше көзге түседі. Мәселен, оюдағы ақ түс – қазақ халқының кең пейілділігі мен дархандығын білдірсе, қошқар мүйіз оюы төрт құбыланың теңдігін айқындайды. Ал қызыл түс – тіл-көзден сақтайды деген сенімді бейнелейді.
Құрақ көрпенің әдемілігі мен көлемі таңдандырмай қоймайды. Қаншама еңбек пен тердің жемісін байқау қиын емес. Бұл ғажайып туындыны дайындауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 450-ден астам қолөнер шебері қатысты. Жалпы аумағы 11 200 шаршы метрді құрайтын қазақи нақыштағы құрақты тігуге 8 жастағы мектеп оқушысынан бастап, 85 жастағы қариялар барын салды. Алып құрақтың дизайнын Батырбекова Әсел Бердібекқызы дайындаған. Қайталанбас кескіні мен өрнектері таңдалып, қанық түстермен безендірілген бұл туынды ерекше көз тартады. Бір техникамен, бір өлшеммен тігілгендей, құдды бір ғана шебердің қолынан шыққандай әсер қалдырады. Нақтырақ айтқанда, ені 40 метр, ұзындығы 252 метр болатын құраққа «Гаухартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюлары қолданылған.
Аламан жобасына еліміздің 19 өңірінен жиналған қолөнершілер қатысқан, олардың арасында Қарағанды өңірінің шеберлері де болды. Солардың ішінде Теміртаудан келген Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балби Сайран және оның он екі жастағы шәкірті Қытайбекова Нұрбану да бар. Осы тарихи жобаға қатысып, ұлттық өнерімізді паш етуге үлес қосқан арқа қыздары мен еліміздің қолөнершілерін қажырлы еңбектерімен шын жүректен құттықтаймыз.
Қазақстан гинестер кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенұлы жобаға қатысқан құрақшыларға сертификаттар табыстап, олардың жетістіктерін атап өтті. Алайда қаланың білім беру бөлімі жобаға қатысушыларды неге мақтан тұтпайды деген сұрақ туындайды.

Советгүл Бекбосынқызы,
Ардагер ұстаз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған