Қоқыс мәселесі талқыланды

Просмотров: 26

Теміртау қалалық мәслихатында қоқыс жинау сапасы, қоқыс алаңдарының жағдайы, ірі габаритті қалдықтардың түзілуі мен оларды шығару мәселелері талқыланған жиналыс өтті. Бұл шараға қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті өзін-өзі басқару аймақтық комитеттерінің өкілдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, тұрғын үй инспекциясы, құқық қорғау органдары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Негізгі көтерілген сұрақтың бірі – жер асты қоқыс контейнерлерінің жағдайы болды. Қалада сегіз жер асты қоқыс контейнері орнатылған, олардың алтауы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аясында ретке келтірілген. Қалған екі контейнер жақын арада қалпына келтірілетінін уәде етті.
Теміртау қаласының ТҮКШ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ақылжан Уакитов: «Неге жөндеу жұмыстары ұзаққа созылды? Себебі бізде балалар алаңдарында қауіпті әткеншектер болды. Осы мәселелерді жойып, сол учаскелерде жұмыс істедік. Енді бұл екі мекенжай бойынша жұмыс жасайды. Ретке келтіреді. Бұл біздің және қала басшылығының бақылауында».
Бұл мәселеге қатысты Теміртау қаласының мемлекеттік экологиялық инспекторы да өз пікірін білдірді. Ол жер асты қоқыс контейнерлерін енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға маңызды қадам екенін атап өтті, алайда тұрақты нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық техникалық және ұйымдастырушылық аспектілерді ескеру қажет екенін айтты.
Теміртау қаласының мемлекеттік экологиялық инспекторы Сабит Узақбаев: «Қарағандыда мақтануға болады. Жоба жақсы нәтижелерін көрсетті. Теміртауда техникалық нюанстар бар, сондықтан бұл жоба ілгерілемей жатыр деп ойлаймын».
Жиналыс қорытындысы бойынша қатысушылар проблемалық мәселелерді шешу үшін тұрақты кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Антон Кузнецов: «Қорытынды бойынша біз ай сайын осындай мозговой штурм өткізіп тұруды шештік. Барлық проблемалық мәселелерді талқылап, оларды ТҮКШ-пен бірлесіп жұмыс істеп, оларды бақылауда ұстауын қамтамасыз етеміз».
Мәслихат төрағасы Алексей Ломакин туындаған мәселелерді жедел шешу және қалада тәртіпті сақтау үшін басқа да өзекті мәселелер бойынша апталық кездесулер өткізуді ұсынды.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған