«Пластиксіз қала» акциясы өтті

Просмотров: 40

Теміртауда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Пластиксіз қала шарасы өтті. Акцияның мақсаты — тұрғындарды тұрмыстық қалдықты сұрыптауға шақыру және жастарға пластик қалдықтардың экологиялық зардаптарын түсіндіру.

Металлург стадионына жиналған жұрт 10 пластик бөтелкені 1 балмұздаққа айырбастады. Қала бойынша балмұздақ ұсынатын 5 орын белгіленген.
— Бұл акцияны ұйымдастыруға қаламыздағы ірі кәсіпорындар демеушілік жасады. Он мыңға жуық адамды қамтимыз, бес мыңнан астам балмұздақ таратылады деген жоспар бар. Алдағы уақытта да осыған ұқсас акциялар ұйымдастырылады, – деді қала әкімінің орынбасары Самат Зиящев.
Пластик бөтелкелерді қабылдау пунктіне жиналған жастарға «Отражение» қоғамдық бірлестігінің басшысы Елена Варганова қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіріп, қоқыс сұрыптаудың тиімді тәсілдері бойынша шеберлік сыныбын өткізді.
— Біз мини-тренинг өткізіп, пластик деген не, пластиктің қандай таңбалары бар, оны қалай анықтауға болатынын және ПЭТ-тің негізінде не жатқанын түсіндірдік. ПЭТ нені білдіреді? Полиэтилен терефталат. Ал 1 нені білдіреді? Бұл бір реттік пластик. Бұл нені көрсетеді? Оның қайта өңделуі керектігін және оны бір реттен көп қайта өңдеуге болатынын білдіреді. Яғни, одан басқа да бұйымдар жасауға болады. Үш пластик бөтелкеден бір шарикті қалам жасауға болады, ал 25 бөтелке жинасаңыз, тұтас бір футболка шығады, – дейді «Отражение» ҚБ төрағасы Елена Варганова.
Акция барысында жиналған пластик қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл бір реттік шара болса да көпшілікке осы арқылы қоқысты сұрыптаудың маңызы ескертілмек. Өйткені, пластик жүздеген жылдар бойы шірімей, қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіретін қалдық саналады. Одан бөлінетін токсиндер өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін ғана емес, адам ағзасын да улап, денсаулығына ауыр зардаптар әкеледі.
Айта кету керек, акцияны Теміртау қаласының әкімдігі, қалалық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған. «Пластиксіз қала» акциясы алғаш рет өтті және өзінің тиімділігін көрсетті. Жиналған барлық пластик, яғни 45 000 бөтелке, қайта өңдеуге жіберілді. Акцияға қатысушыларға алғыс ретінде 4 500 балмұздақ таратылды.
Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған