Құқықтық мәдениет – әр адамның жауапкершілігі

Қазақстан Республикасының Конституциясы адам құқықтары мен бостандықтарын ғана емес, оның қоғам алдындағы міндеттерін де айқындайды. Конституцияның 34-бабына сәйкес, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бұл қағида бір адамның еркіндігі екінші адамның құқығына нұқсан келтірмеуі керектігін көрсетеді.

Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, қоғамдық өмірі белсенді Теміртау қаласы үшін құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, ортақ ережелерді сақтау және әр азаматтың жауапты мінез-құлқы қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Құқықтық мәдениет заңдарды білумен ғана шектелмейді, сонымен қатар оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдана білуді де қамтиды. Пікірсайыстар, ашық диалогтер мен ағартушылық іс-шаралар жастардың өз көзқарасын дәлелді жеткізуіне, өзге пікірді құрметтеуіне және қабылдаған шешімдерінің салдарын түсінуіне ықпал етеді. Теміртау қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы дебат турнирлерін өткізу – осындай мәдениетті қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі.

Сонымен қатар цифрлық ортадағы жауапкершілік те маңызды. Әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпарат тарату, өзгені қорлау немесе жеке мәліметтерін рұқсатсыз жариялау басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін. Өз пікірін еркін білдіру құқығы адамның қадір-қасиетін құрметтеумен және заң талаптарын сақтаумен қатар жүруі тиіс.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр адам өзінен бастағанда ғана нақты мәнге ие болады. Ортақ ережелерді сақтау, айналадағы адамдарды құрметтеу және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау арқылы ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыра аламыз. Осындай күнделікті әрекеттер Теміртау тұрғындарының білім алуына, еңбек етуіне және өз бастамаларын жүзеге асыруына қолайлы орта қалыптастырады.

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Осы тақырыпта