Биылғы 1 желтоқсаннан бастап Қарағандының Сұрыптау шағынауданындағы Теміржолшылар мәдениет сарайында «Жас теміржолшы» үйірмесі жұмысын бастайды. Үйірмеге келген жасөспірімдер теміржол саласының қыр-сырымен танысып, локомотивтердің құрылысы мен жұмыс істеу ерекшеліктерін үйренеді. Сонымен қатар оларға нағыз пойызды басқару тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік беріледі.
Үйірмеге 14 жастан асқан жасөспірімдер қабылданады. Сабақтарда олар теміржол көлігінің қалыптасу тарихы мен қазіргі даму бағыттары туралы біліп, саладағы сан алуан мамандықтың ерекшеліктерімен танысады. Мұндай сабақтар жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтумен қатар, болашақ кәсібін таңдауына да көмектеседі.
Үйірме сабақтары аптасына бір рет – әр сенбі сайын Теміржолшылар мәдениет сарайында өтеді. Әр сабақ екі сағатқа созылады.
Үйірмеге жазылғысы келетін жасөспірімдер Теміржолшылар мәдениет сарайының кезекшісіне хабарласып, тіркеле алады.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі

