Тәуелсіздік – ұлт тарихындағы ұлы белес

Қарағандыда барлық қалалық автобусқа трекер орнатылады: қозғалыс бірыңғай диспетчерлік жүйеден бақыланады

Қазір трекер 170 автобусқа орнатылған. Келесі кезеңде жүргізушілерге диспетчермен байланыс планшеттері беріледі.

Қарағандыдағы қалалық автобус / Городской автобус в Караганде
Фото / Фото: Қарағанды облысы әкімдігі / акимат Карагандинской области (gov.kz)

Қарағандыда қоғамдық көліктің жұмысын бір жүйеге біріктіру жобасы қолға алынды. Енді әр автобустың қай жерде келе жатқаны нақты уақыт режимінде көрініп, кестенің сақталуы қадағаланады, қажет болса бағытқа қосымша көлік жедел шығарылады.

Қазір қаладағы бағыттарда алты автобус паркі жұмыс істейді. Олардың барлығын бір жүйеге қосу үшін әр автобусқа арнайы трекер орнатылады. Мұндай құрылғы қазірдің өзінде 170 автобусқа қойылған.

Бірыңғай диспетчерлік жүйе қоғамдық көліктің қозғалысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Диспетчер әр бағытта қанша автобус жүргенін, олардың кестеден кешікпей келе жатқанын және аралықтардың сақталуын көріп отырады. Мысалы, бағытқа жеті автобус шығуы керек болса, жүйе олардың бәрі желіде ме, жоқ па – бірден көрсетеді.

Жүргізушілерге – планшет, жолаушыларға – болжамды қозғалыс

Келесі кезеңде автобустарға кері байланыс функциясы бар планшеттер орнатылады. Олар арқылы жүргізуші кестеден қаншалықты озып не кешігіп келе жатқанын өзі көріп, диспетчердің хабарламаларын бірден қабылдайды.

Жүйе күтпеген жағдайларда да көмектеседі. Егер автобус бұзылып, бағыттан шығып қалса, диспетчер сол бағыттағы басқа жүргізушілерге аялдамаларда жолаушы көбейіп қалуы мүмкін екенін алдын ала ескертеді, қажет болса қосымша автобус шығарылады. Жол жабылғаны немесе жол жағдайы өзгергені туралы ақпарат та жүргізушілерге уақытылы жетеді.

Жобаны Цифрлық технологиялар басқармасы облыстық және қалалық әкімдіктермен бірге жүзеге асырып жатыр. Басты мақсат – қоғамдық көліктің жұмысын тұрақты, ал жолаушылар үшін жол жүруді ыңғайлы әрі болжамды ету.

Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (gov.kz)
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Осы тақырыпта