Қазақстандық болаттың 80 жылдығына велошеру өтті

Просмотров: 23

Биыл алғашқы қазақстандық болат құймасының алынғанына 80 жыл толады. Бұл күн Теміртаудың тарихи бастауы десек артық айтқанымыз емес. Әрі еліміздегі металлургия өндірісінің өрістеуінің де алғашқы қарлығашы болғанды. Атаулы күнді өз дәрежесінде тойлау мақсатында қаламызда бірқатар ауқымды шаралар жоспарланғанды. Соның бірі – веломарафон өткізу.

Астана күнімен тұспа-тұс келген спорттық шараға жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, депутаттар, ардагер металлургтер мен «Qarmet» АҚ қызметкерлері қатысты. Сенбілік таңда жұрт ескі қаладағы Балалар мен жасөспірімдер театрының алаңына жиналды. Веломарафонды қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев пен қалалық мәслихат төрағасы Алексей Ломакин құттықтау сөзімен ашты.
– Бүгін өте керемет оқиға. Ауа райына қарамастан, осындай іс-шараға қатысып жатқан адамдардың көптігі қуантады. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!, – деді қала әкімінің орынбасары. Келесі кезекте сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Алексей Ломакин күн райының қолайсыздығы айтулы шараға кедергі келтіре алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өткен тарихты қадірлеп, оны ұрпақ жадында мәңгі сақтаудың маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, тарихты ұмытқан адам болашағын да жоғалтады.
Келесі кезекте сөз алған «Qarmet» АҚ логистика жөніндегі директоры Вячеслав Миронов мерейтойдың маңызы мен ел дамуында Қарағанды металлургтерінің үлесін атап өтті.
– Дәстүрлер бар екендігіне қуаныштымын және оларды жалғастыру керек. Алда біздің мерейтойға орай көптеген жағымды сәттер болады. Теміртаулықтар темірмен жұмыс істейді, бірақ олардың жүректері алтын. Баршаңызға сәттілік тілеймін және дәстүрлер жалғаса берсін, – деді Вячеслав Миронов.
Жарыс алдында түрлі мамандық иелері мен олардың ұрпақтары велосипедтерімен бір қатарға тұрды. Олардың әрқайсысының велосипедпен жүру тәжірибесі әртүрлі болғанымен, спорт пен салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілігі ортақ.
Жалпы қашықтық – 5 шақырым. Веломарафоншылар Ескі қаланың көрікті жерлерімен жүріп өтті. Мұның символикалық мәні бар. Өйткені, алғақшы қазақстандық болат дәл осы жерде құйылған болатын.
Жаңбырлы ауа райына қарамастан, жарыстан шығып қалғандар болмады және әрқайсысы веломарафонды лайықты түрде және жүздеріндегі күлкімен аяқтады. Қуанышты және шаршаған қатысушылар мәре сызығына мүмкіндігінше тезірек жетуге тырысты. Велосипедшілер қатарында көмір және металлургия өнеркәсібінің ардагерлері де болды.
– 1944 жылдың 31 желтоқсанында бірінші қазақстандық болат шығарылып, Қазақстандағы үлкен металлургияның бастауын берді. Барлық ардагерлерімізді, қала тұрғындарын осы маңызды датамен шын жүректен құттықтаймын және оларға зор денсаулық тілеймін. Алға Қазақстан! Алға Теміртау!, – дейді ардагер металлург Өтеген Габдуллин.
Ал, тағы бір өндіріс ардагері Ислям Муслимов Көмір департаментінің ардагерлері бұл шараға металлург әріптестерін қолдау үшін келгенін атап өтті.
– Спорт бізді біріктіреді. Бізде бір өндіріс, бір команда. Сондықтан бұл мерекеге өте қуаныштымын. Біз мұнда шахматшылармен де, марафоншылармен де жиі кездесеміз. Теміртаулықтар өте мықты, күшті, мейірімді адамдар, – деді Ислям Муслимов.
Спорттық шара қорытындысы бойынша, барлық қатысушылар жеке есепте жеңімпаз атанды. Оларға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде қатысушылар марафоннан ерекше көңіл-күй алғандарын айтып, алдағы уақытта мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұсынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған