Тәуелсіздік – ұлт тарихындағы ұлы белес

Шет ауданында «Салбұрын – 2026» турнирі өтті: 70-тен астам құсбегі бақ сынасты

«Салбұрын – 2026» турнирі, Шет ауданы

Қарағанды облысы Шет ауданының Кеншоқы ауылында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 70-тен астам құсбегі бас қосты. Ауылда халқымыздың көне саятшылық дәстүрін насихаттайтын «Салбұрын – 2026» ашық турнирі ұйымдастырылды. Сайыскерлер бүркіт, қаршыға және ителгі баптау шеберлігін көрсетті.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ата-бабадан жеткен бұл ұлттық өнерді ұлықтап, келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізудің маңызы ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, бабаларымыз бүркітті, тазы мен жылқыны жеті қазынаның қатарына қосқан, олар – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі. Сондықтан бұл асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Әкім орынбасары барлық қатысушыға сәттілік тілеп, «Қанжығаларыңыз майлансын!» деді.

Құсбегілік – қыранның тілін түсініп, мінезін танып, бабын тауып, аңға салуға үйретуді талап ететін машақаты мол өнер. Қолға түскен жыртқыш құсты жай ғана қолға үйрету жеткіліксіз: оның табиғатын ұғып, дұрыс күтім жасап, аң аулауға машықтандыру керек. Бұл үдеріс құстың жасына, табиғатта қанша уақыт жүргеніне және бұрынғы тіршілік дағдыларына тікелей байланысты.

Жарыс кезінде қазылар алқасы қырандардың қалықтау мәнерін, ұшу жылдамдығын, қимылының ептілігін, әуедегі шалымдылығы мен аңға түсу қабілетін бағалады. Әр сын құсбегінің шеберлігін ғана емес, оның баптаған құсымен үйлесімі мен өзара түсіністігін де айқын көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша бүркітшілер арасында Жамбыл облысының өкілі Серікболсын Жалғасұлы жеңіске жетті. Қаршыға салудан Алматы қаласынан келген Ермұхан Баятбай топ жарса, ителгімен сайысқан астаналық құсбегі Ерлан Кенжетаев бірінші орын алды.

Серікболсын Жалғасұлы үшін бұл жеңіс – жастайынан бойына сіңген саятшылыққа деген сүйіспеншілік пен ұзақ жылғы еңбектің жемісі. Оны бұл өнерге әкесі баулыған. Жеңімпаздың айтуынша, ол бала күнінен әкесінің қасынан қалмай, оның тәжірибесін бойына сіңірген: он жасынан қаршыға мен ителгі ұстап, он бес жасынан бүркіт баптай бастаған. Турнирге әкелген қыранын да өзі өсіріп, өзі үйреткен. Екеуі бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орынға ие болған.

Ителгі баптаушы Ерлан Кенжетаевтың Бойко есімді қанатты серігінің де өз тарихы бар. Ұлттық спорт жанкүйерлеріне таныс бұл ителгі биыл Көшпенділер ойындарында да жүлдегер атанған. Құсбегінің айтуынша, ол құсына бұл есімді әйгілі фильм кейіпкері секілді қайсар, табанды болып, қандай қиындыққа да мойымай, діттегеніне жетсін деген ниетпен берген. Ол алда бірге талай белесті бағындыратынына сенімді.

Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Салбұрын – 2026» турнирі құсбегілердің шеберлік сынымен ғана шектелмей, ұлттық саятшылық дәстүрін насихаттап, төл мәдениетімізді дәріптеген тағылымды шараға айналды. Қонақтарға арнап киіз үйлер тігіліп, этноауыл жасақталды. Сондай-ақ көрме ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.

Жиналған жұртшылық қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Осы тақырыпта