Астанада өткен 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары үш жүлде жеңіп алды. Жарыстағы басты табыстардың бірі – 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Шахтинск қаласының 17 жастағы тұрғыны Әмір Рамазанның ел чемпионы атануы.
Шахтинск бокс мектебінің тәрбиеленушісі финалда Алматы қаласының боксшысымен кездесті. Шешуші жекпе-жекте 5:0 есебімен сенімді жеңіске жеткен Әмір алтын медальді иеленіп, спорт шебері нормативін де орындады.
Әмірдің айтуынша, бұл жеңіс ол үшін ерекше қымбат: оның артында көп жылғы еңбек, тәртіп және өзіне деген сенім тұр. Ол бұл мақсатқа ұзақ уақыт ұмтылған, сондықтан ел чемпионы болып, спорт шебері нормативін орындауы спорттағы жолындағы маңызды кезең болды. Жас боксшы финалдан кейінгі сезімін сөзбен жеткізу қиын екенін айтты. Алайда ол осымен тоқтамайтынын, алдағы уақытта одан да биік шыңдарды бағындырып, әлемдік деңгейде жеңіске жетуді мақсат тұтатынын жеткізді.
Облыс құрамасының басқа боксшылары да жүлдесіз оралған жоқ. 85 келіге дейінгі салмақта Азатбек Тілекұлы, ал 90 келіден жоғары салмақта Осман Қуанышбек қола медаль алды.
Бұл жеңіс – Әмірдің спорттық жолындағы кезекті маңызды жетістігі. Ол бұған дейін де әр деңгейдегі жарыстарда жүлдегер атанған.
Жас спортшының табысына табанды еңбегімен бірге әкесінің қолдауы да зор үлес қосқан. Әмір бокс үйірмесіне бес жасында келген, сол уақыттан бері әкесі Рамазан Мизамбаев әрдайым қасында. Ол – ұлының жеке бапкері әрі басты қолдаушысы.
Әмір әкесінің өз жетістіктеріндегі үлесін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, әкесі тек бапкер ғана емес, кез келген жағдайда қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт беретін, өзіне үнемі сенетін жан. Кейде пікірлері қайшы келіп, қиын сәттер болатынын да жасырмады, бірақ мұның бәрі өзінің дамып, шыңдалуы үшін екенін түсінетінін айтты. Жас чемпион өзіне сонша уақыты мен күш-жігерін арнағаны үшін әкесіне шексіз алғысын білдірді.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (Шахтинск қаласы әкімдігінің мәліметі)

