Қарағандылық оқушы сабаққа бармау үшін бомба туралы жалған хабарлама таратқан
Бұл оқиғалар 2 және 3 қыркүйекте орын алды. Өзін қала мектептерінің бірінің оқушысы ретінде таныстырған белгісіз адам төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарласып, оқу орнындағы «жарылғыш зат» туралы айтқан.
Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының «жалған терроризмге» қатысы бар екенін анықтады.
Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмей, осындай қадамға барған. Оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Аталған жағдай мұндай «әзілдің» орынсыз екендігін және жасөспірімдердің әрекетін бақылау қажеттігін көрсетеді.