Теміртауда тұрғын үйлер орталық газ желісіне қосылуда
Биыл Теміртау қаласында төрт жаңа газ тарату қондырғысы орнатылып, газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.Республика даңғылындағы 57/1 үйінде «Gas Inpex» компаниясының өкілдері газды іске қосуға дайындық жұмыстарын соңына жеткізуде. Қазіргі уақытта олар ескірген кеңестік газ жабдықтарын алып тастап, жаңа қондырғылар орнатуда.
– Біз үлкен қиындықтарға тап болдық: тұрғындардың көбі пәтерлерін жөндеу кезінде газ құбырларын алып тастаған. Мұндай жағдайларда біз пәтер иелерінің есебінен газ коммуникацияларын қалпына келтіруді талап етуге мәжбүрміз. Бір адамның жауапсыздығы басқа тұрғындарға зиян келтірмеуі керек. Бұл мәселе тиісті органдармен талқылануда, – дейді «Gas Inpex» компаниясының директоры Артем Семенченко.
Теміртау қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансында 17 газ тарату резервуары бар, оның ішінде 11-і жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы осы резервуарлардың төртеуін жөндеуге қаражат бөлінді. Бұл газ қоймалары қаланың орталық бөлігінде орналасқан және күрделі жөндеуден алғаш рет өтіп отыр. Жоба аясында мердігер тек резервуарларды ауыстырып қана қоймай, жаңа газ желілерін тұрғын үйлерге дейін жеткізіп, аумақты абаттандырумен де айналысуда.
– Біз тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, оларды атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп отырамыз. Газды қосу үшін тұрғын техникалық қызмет көрсету туралы келісім-шартқа қол қоюы керек, ай сайынғы төлем 1500 теңге көлемінде болады. Бұл келісім-шартсыз абоненттерге газ берілмейді. Төлемдер есептегіш арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта тұрғындар үшін ештеңе өзгермейді, бірақ болашақта қашықтан басқарылатын есептегіштер орнатылып, деректер диспетчерлік пультке жіберілетін болады, – деп түсіндірді А. Семенченко.
Алайда, тұрғындардың пікірінше, есептегіштердің құны көпшілік үшін қымбат болып отыр. Қазіргі уақытта олардың бағасы ондаған мың теңгеден асып түседі.
– №53 үйдің алдында өткен жиналыста тұрғындар наразылықтарын білдірді. Олар бізге газ есептегіштерін сатып алу керек деген талап қойылды дейді. Есептегіштердің бағасы 70 мыңнан 90 мың теңгеге дейін жетеді. Тұрғындар бұл соманы төлеуге келісе алмай отыр. Адамдар осындай қомақты ақшаны қайдан табады? Сонымен қатар, ай сайын 1500 теңге төлеу қажеттілігіне де қарсы шығып жатыр. Осы талаптар салдарынан көптеген адамдар газға қосылудан бас тартуда, – деді бір тұрғын.
Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта Теміртау қаласында 2650 абонент орталық газ жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 5000 абонентке жеткізу жоспарлануда. Келесі жылы тағы алты газ тарату қондырғысын жөндеу жоспарланған.
Балғын ҰЗАҚБАЙ