Ауданаралық ауруханалар ашылады

Просмотров: 118

Қарағанды облысының 92 ауылында денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар мамандандырылған орталықтары бар ауданаралық екі аурухана құру жобасы әзірленді. Бұл туралы облыс әкімдігінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттердің орындалуын талқылау жиынында айтылды.

Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары туралы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова баяндады.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы екі жылда 92 нысан салынады: дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер. ФАП-тар тез тұрғызылатын ғимараттардың жаңа технологиялары бойынша орындалады, бұл – модульдік құрылыс, – деп хабарлады баяндамашы.

Бибігүл Төлегенова сондай-ақ ауылдық аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған ауданаралық ауруханалардың жобасын ұсынды. Оларды Балқаш пен Теміртауда жұмыс істеп тұрған көпбейінді ауруханалар базасында құру жоспарланып отыр. Мамандандырылған бөлімшелер инсульт, кардиологиялық, перинаталдық орталықтарды, оңалту, травматология, хирургия бөлімшелерін және т.б. жабдықтау үшін көзделген.

Бұл – мамандандырылған медициналық көмек алу үшін ауыл тұрғындарын облыс орталығына бару қажеттілігінен арылтады. Сонымен қатар екі қала да республикалық тасжолда орналасқан. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерді тезірек жеткізіп, «алтын сағат» кезеңінде қажетті көмек көрсетуге болады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жобаларды пысықтау және медициналық нысандар құрылысына арналған жер учаскелерін ресімдеу жөнінде тапсырма берді.

Бүгінгі күні облыста 7 орталық аудандық аурухана, 59 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 40 ФАП және 150 медициналық пункт ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымдарға күрделі жөндеу және жабдықтарды жаңғырту кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл алты ФАП салу жоспарланған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған