Тұрғындар талабы орындалды

Просмотров: 141

Әлімхан Ермеков көшесінің бойындағы бірнеше үйдің тұрғындары жаңа медициналық орталықтың құрылысына қарсы шықты. Өйткені бұл құрылыс аядай ғана алаңқайды тарылтып, көлік тұрағы тапшылығын туғызады. Оның үстіне, коммуналдық желілерге де қиындық келтіруі мүмкін. Халықтың пікіріне қала әкімдігі құлақ асып, кәсіпкермен құрылысты тоқтату, басқа ауданнан дәл осындай жер беру туралы келісімге келді.

Кәсіпкерлер әу баста жалпы аумағы 1700 шаршы метр болатын медициналық орталық салуды көздеген. Сондай-ақ, іргелес үйдің балалары үшін ойын алаңқайларын салып беру міндеттемесін де мойындарына алыпты. Алайда, бұл келісім тұрғындардың көңілінен шықпаған, сондықтан олар құрылысты тоқтатуды талап етті.

  • Бірнеше күн бұрын қалалық әкімдікке шақырту алдық. Жобаны жүзеге асыру мәселесін жан-жақты талқылап, ортақ келісімге келдік. Біз әкімдік тарапынан өз жобамызға оңтайлы жағдай жасалады деп сенеміз. Сондықтан да бүгін-ертең жер теліміндегі темір қоршау алынып тасталады, – дейді «Комбинат Индивидуального Домостроения» ЖШС өкілі Корней Изак.

Әрине, әу бастағы жоспардың өзгеруі кәсіпкер үшін айтарлықтай экономикалық зардап әкелген. Өйткені салынған қаражат инвесторлардан алынғандықтан, құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі, шығын көлемінің ұлғайуына әкеп соқтырады. Десек те, Қарағанды қаласы әкімдігінің архуитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуат Бектемісовтің айтуынша, бұл мәселе жыл соңына дейін оңтайлы шешілуі керек.

  • Біз кәсіпкермен ортақ келісімге келдік. Оны жарты жолда тастап кетпейміз. Қаланың басқа бөлігінен дәл осындай мақсатта және дәл осындай көлемде жер телімі беріледі. Қазіргі таңда біз құжаттарды реттеу және орын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бір нәрсе анық, тұрғындар ауладағы құрылыс мәселесін енді уайымдамаса болады. Бұл жер толықтай кері қайтарылды, – дейді Қуат Бектемісов.

Айта кету керек, даулы жер телімі 2005 жылы жекеменшікке берілген екен. Содан бері алақандай жерге тұрғын үй салуды, жер асты паркингін тұрғызуды көздегендер болыпты. Әйтсе де, тұрғындар қарсы болғандықтан, әкімдік көптің пікірін ескере отырып, жер телімін тұрғын үй ауласы ретінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған