Қорым қалыпқа келтіріледі

By admin Сен 14, 2022

Қарағанды қаласының әкімдігі ғимаратында ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесіндегі 9 қыркүйек – Алаш ұраны күніне орай Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі Әлімхан Ермектің есімін ұлықтауға бағытталған сәулет  жобасының таныстырылымы өтті.

Бастамашыл топ өкілдері қорым басына барып, зираттың ендігі келбеті қандай боларын талқылады.

«Әлімхан Ермековтың қазаққа еткен еңбегін бағалауымыз біз үшін үлкен міндет. Осы жерде гүлзар жасап, абаттандырып, осыны қалыпқа келтіреміз деген ойымыз бар»-деді қалалық мәслихат хатшысы  Құдайберген Бексұлтанов.

Қолға алынған бұл жұмыстар аясында Алаш ардақтысы мәңгілік мекенін тапқан зираттың басы абаттандырылып, айналасы жөнге келтіріледі. Сонымен қатар гүлзар, жүргіншілер жолы салынып,  жарықтандыру жүргізіліп, жолға тас пен асфальт төселіп, орындықтар қойылады. Тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында бақылау камераларын орнату көзделуде.

Жоспар бойынша аллеяның ұзындығы 350 метр, ал ені 10 метр болмақшы. Шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қазірдің өзінде бұл жұмыстардың басталып кеткенін сөз етті.

Сондай-ақ Әлімхан Ермек зиратының басы мәрмәр таспен қапталып, қазақы нақышта шаңырақ орнатылады. Бұл ретте сәулетшілер зираттың бастапқы салынған үлгісін толықтай сақтап қалуды мақсат тұтып отыр.

Шараға жиналған қауым бұл игі бастаманы жылы қабылдап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ал Алаш ардақтысы Әлімхан Ермек еңбек еткен Қарағанды политехникалық университетінің ерікті студент жастары бұл жұмыстарға  қатысуға әзір екендіктерін білдірді.

Қолға алынған бұл игі іс барша қазақ халқы  үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Өз тарапымыздан ұлт мүддесін түгендеп, осы жобаны  қолға алған азаматтарға сәттілік тілейміз!

Расул Мұхаммед,

«QH»

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *