«Қаһарман шекарашы»
Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге арналған «Қаһарман шекарашы» естелік медалін табыстау бойынша өңірде салтанатты шаралар өтті. Солардың бірі «Жақтау» металлургтер кәсіподақ ұйымында ұйымдастырылды. Аталған марапатқа «Qarmet» АҚ металлургиялық комбинатының қызметкері Жомарт Әкімбеков ие болды. Естелік медальді оған Қарағанды облысындағы Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер одағының төрағасы Нұрболат Аяғанов табыстады.
Өз сөзінде Нұрболат Аяғанов бұл медаль республикалық ардагерлер одағы тарапынан әзірленіп, Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан алғашқы қазақстандық сарбаз Ражан Батырханның құрметіне арналғанын атап өтті. Ол өз өмірін қиып, жолдастарын құтқарып, шекара арқылы заңсыз қарулы топтардың өтуіне тосқауыл қойған болатын. Қайтыс болған сарбаздың ерлігі Қазақстанда ғана емес, Тәжікстанда да атап өтілді. Оны қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия елдері шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болды. Сол уақытта Тәжікстан Қазақстаннан көмек сұраған болатын. 1992 жылдан 2001 жылға дейін Тәжік-Ауған шекарасына 9 835 қазақстандық сарбаз бен офицер жіберіліп, олардың 46-сы шайқастарда қаза тапты. Ражан Батырхан өз жолдастарын құтқарып, өмірін қиған алғашқы сарбаз болды.
Қиын-қыстау кезеңде қолына қару алып, шекараның тұтастығын қорғаған және заңсыз қарулы топтардың кіруіне жол бермегендердің қатарында Жомарт Әкімбеков те болды. Ол 1994 жылы әскерге шақырылып, Алматы облысындағы шекара отрядында қызмет етті. Бір жылдан кейін оны Тәжік-Ауған шекарасына жіберілетін жеке атқыштар батальоны құрамына қосты.
– Алдағы іссапар туралы білген соң, туған-туыстарыма 4-5 айға кететінімді және осы уақыт аралығында байланыс болмайтынын айтып хат жаздым. 1995 жылдың мамыр айында Тәжік-Ауған шекарасына аттанып, сол жылдың күзіне қарай оралдым. Шекарадағы қызмет ауыр болды, бірақ біз өз міндетімізді абыроймен орындадық, – деп еске алады Жомарт Әкімбеков.
Қызметтен кейін ол туған жері Қарқаралыға оралып, 1998 жылы Теміртауға көшті. Мұнда 15 жыл полицияда жұмыс істеп, кейін «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнында еңбек етті, содан кейін металлургиялық комбинатқа жұмысқа келіп, әлі күнге дейін қызмет атқарып келеді.
Естелік медальді табыстау Жомарт Әкімбековтің ерлігіне деген құрметтің белгісі ғана емес, Тәжік-Ауған шекарасында күресіп, отандастарының тыныштығын қорғаған барлық сарбаздарға тағзым болды. Қарағанды облысында барлығы Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан шамамен 30 ардагер «Қаһарман шекарашы» естелік медалімен марапатталды.
Өз тілшімізден.