Жолдың қамын жаз ойла

Просмотров: 4

Жыл сайын Қарағанды облысында қыстың боранында бір ауылдан ауылға ғана емес қала мен қаланы жалғаған күре жол жабылып, қолайсыздық тудырып жатады. Сарыарқаға да мол қар түсті. Қарағанды – Астана жолы тағы да жабылды.

Жылдан жылға облыста дәл осындай көрініс байқалады – күн суыта бастаған сайын көктайғақ немесе қардың үйінділерінен қозғалыс қиындап, қауіпті болады.
Жол және коммуналдық қызметтердің қысқа дайын болмауы бірнеше сағатқа созылатын көлік кептелісін, жүргізушілер мен жолаушыларды эвакуациялауды тудыруда.
Өткен жылдары республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда тұрып қалған облыс тұрғындарынан көптеген шағым түскен. Бұл жылы жергілікті атқарушы органдар қолайсыз ауа райына алдын ала дайындалуды ұйғарды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов қыс мезгіліндегі жолдарды күтіп ұстау мәселелеріне арналған жиында алдағы қыс мезгілінде облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың қауіпсіз өтуін және уақытылы тазартылуын қамтамасыз ету үшін 66 мердігер ұйымға тапсырма берілгендігін айтты.
– Ұйымдарда 1 200-ге жуық жұмысшы және 1 000-нан астам арнайы техника жұмыс істейді. Ауа-райы нашарлаған кезде жүргізушілер мен жолаушылар үшін ең қауіптісі – көктайғақ. Қазіргі уақытта облыста 50 мың тонна мұздан тазартатын материал, құм, тұз және сүзгілер, сондай-ақ 1 000 уақытша жол белгісі бар. Облыс бойынша жалпы ұзындығы 241 шақырымды құрайтын 122 қар басқан аумақ бақылауға алынды, – деп хабарлады Мақсұт Қожанов.
Сондай-ақ, ол жылдан жылға көшіп келе жатқан жобаларға тоқталды.
Облыс бойынша боран мен ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған адамдарды жылытуға шамамен 35 пункт дайындалғандығы да белгілі болды.
Жүргізушілер мен жергілікті тұрғындар республикалық тас жолдың Қарағандыдан Балқашқа дейінгі бөлігін әуелі сапасыз, кейін бірнеше жылға созылған жөндеу жұмыстарына байланысты «өлім жолы» деп атап кетті.
Мұнда апта сайын дерлік жазатайым оқиға болып, көбіне өліммен аяқталады.
Қарағанды – Балқаш тасжолын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда және шенеуніктің уәдесі бойынша биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Тағы бір іске асырылып жатқан жоба – Қарағандыдан Қарқаралыға дейін ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген 200 шақырымдық жол бірнеше жылдан бері қалпына келтірілуде. Жоба әлі аяқталмай, келесі жылға көшті.
Жолдың жай-күйіне жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ғана емес, 1 422 шақырымды күтіп ұстайтын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ да жауапты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды ​​облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде 8 арнайы мекемеде 100 қысқы техника бар және тағы 18 қар тазалайтын техниканы жалға алуға конкурс жарияланған.
Сондай-ақ, ол қазан айының басынан бері жолдардағы көлік қозғалысының жай-күйі туралы ақпаратты жеткізу және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп жатқанын айтты.
– 400 шақырымнан астам қар басқан 383 аумақ, сондай-ақ ұзындығы 149 шақырымды құрайтын 274 көктайғақ аумағы тіркеліп, бақылауға алынды. Республикалық маңызы бар жолдардың ең көп қар басқан учаскелерінде тұрақты қар ұстайтын қоршаулар орнатылды, – деді Ерлан Жұмағұлов.
Өткен жылдары боран салдарынан Қарағандыдан Астанаға немесе Балқашқа баратын жолда көліктер қалып қойып, әуреге салатын.
Әсіресе, Қарағанды – Балқаш тас жолының бойында орналасқан Шет ауданында жағдай қиын болды. Жиі болған қарлы боран көлікті тежеп, адамдар далада қалып, аудан әкімі оларды өз күшімен құтқаруға мәжбүр болды.
Әрине, биыл қалай болатыны уақыт еншісінде.
Қыс басталмай жатып, алғашқы үсікте Қарағанды – Теміртау жолайрығында кептеліс болды.
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов бұл учаскенің «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ балансында екеніне және ауа райының қолайсыздығына байланысты мұнда көліктердің көптеп жиналатынына назар аударды.
– Мәселе, жолдың қар мен мұздан тазартылмағанында, техника жетіспейтін сияқты. Бірақ көліктер бұл аймаққа кіре алмайды. Әкімдік «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ мен Төтенше жағдайлар департаментіне хат жолдады, – деді Ғалым Әшімов.
Арнайы жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, Төтенше жағдайлар департаментіне, сондай-ақ «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ-ға механизмін, жұмыс кестесі мен кезекшілікті пысықтауды тапсырудан басқа амалы қалмады.
Алда арқаның алты ай қысы бар. Облыстың коммуналдық және жол қызметінің қаншалықты дайын екенін сол уақыт көрсетеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған