Газ тарту қарқынды жүргізілуде  

Просмотров: 6

Қаламызда көгілдір отынды тұрғын үйлерге тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысына айтар болсақ, биыл  «Ескі қалаға»  30 шақырымдық газ тарату желісі салынды. Қазір 668 үй орталықтандырылған көгілдір отынға қосылып, барлығы 3330 үйге газ жеткізілді. Ал, Оң жағалауда оң жағалаудағы 1059 үй табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттырып, қалалық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болды.

Газ тарту бағдарламасы металлургтер қаласында 2020 жылы басталып, сегіз кезеңге бөлініп, сатылап атқарылуда.

Бүгінгі таңда қаланың бір бөлігі табиғи газбен қамтамасыз етілсе, Отрадное, АБВ квартал және Достық төбешігі аудандарында газ желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Нақтырақ айтсақ, табиғи газбен оң жағалау толық қамтамасыз етілген.

Мамандар 43,8 шақырым газ тарату желілерін салып, құрылыс 2023 жылдың сәуірінде басталып, уақытында аяқталған.

– Бүгінде Металлургтер қаласының 1603 үйінде табиғи газ бар. Оң жағалаудағы 1059 үй газ желісіне қосылды. Сонымен қатар, Ескі қаладағы 668 үй көгілдір отынға қол жеткізді. Газ тарату желілерін кезең-кезеңімен саламыз және оларды QazaqGaz Aimaq-та пайдалануға береміз. Алдағы уақытта жеке секторды газдандыру жобасымен барлығы 6357 үй қамтылады. Бұл көптен күткен оқиға қаланың экологиясын жақсартып, тұрғындардың жылуға жұмсайтын шығындарын азайтады, – деп атап өтті Теміртау әкімі Ғалым Әшімов.

Зейнеткер Михаил Ефанов есін білгелі бері оң жағалауда тұрады.

– Біз үшін орталық газға қосылғанымыз – үлкен жеңілдік. Үйімізді көмірмен жылытудан шаршадық. Көмір тасимыз, күл шығарамыз, көмір шаңымен дем аламыз. Әлеуметтік қала тұрғындары газға көшкен соң жақсы пікір айтып жатқанын біліп, біз де алдын ала дайындалдық. Үйді газбен жылытуға жабдықтадық, – деп ойымен бөлісті ол.

Бір айта кетерлігі, қаржылай көмекке мұқтаж Теміртау тұрғындары үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама арқылы 2,5 жыл ішінде 228 отбасы газдандыруға субсидия алған.

Тұрғындардың кеңес алу үшін Чайковский көшесі, 22 мекенжайы бойынша Теміртау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуіне болады.

Табиғи газға қосылуды «QazaqGaz Aimaq» АҚ филиалы орындайтынын айта кету керек. Компания мамандары техникалық шарттарды ресімдеумен қатар, қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Құжаттарды алу және қосылуға өтінім беру үшін компанияның Теміртаудағы кеңсесіне жүгіну керек.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған