Бала қауіпсіздігі – басты міндеті

Просмотров: 11

Көктемнің шуақты шағы келген сайын ата-аналар үшін ерекше алаңдаушылық кезеңі басталады. Себебі дәл осы мезгілде балалардың терезелер мен балкондардан құлап кету қаупі арта түседі. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Теміртау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары “Ақтілек” бөбекжайы тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Қауіпсіз терезелер» атты акциясы ұйымдастырылды.

Бұл игі бастама – балалардың өмірін сақтау жолындағы маңызды қадам. Акция аясында тұрғын үйлерге арнайы терезе блокаторлары мен қорғаныс құрылғылары орнатылып, ата-аналарға қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мұндай құрылғылар – баланың абайсызда терезені ашып жіберуінің алдын алуға бағытталған қарапайым, бірақ тиімді шешім.
Балаларға арналған викториналар мен әңгімелер де шараның мазмұнын байыта түсті. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары кішкентай тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін ойын түрінде жеткізді. Арнайы дайындалған жадынамалар мен түрлі-түсті буклеттер арқылы балалар күнделікті өмірде кездесуі мүмкін төтенше жағдайлардан қорғану жолдарын меңгерді.
Ата-аналар да назардан тыс қалмады. Оларға баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қарапайым, бірақ маңызды жолдары туралы ақпарат ұсынылды. Таратылған жадынамалар мен кеңестер – әр отбасы үшін баланың амандығына апарар жолдағы сенімді көмекші.
«Қауіпсіз терезелер» акциясы тек бір балабақшамен немесе ықшамауданмен шектелмейді. Бұл бастама қала көлемінде жалғасын тауып, барлық қала мен аудандарда ұйымдастырылмақ. Оның басты мақсаты – қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, әсіресе балалардың өміріне жауапкершілікпен қарау мәселесін күн тәртібінен түсірмеу.
Қауіп – айтып келмейді. Ал оның алдын алу – әркімнің қолынан келетін, бірақ елеулі жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін іс. Сондықтан да осындай шаралар – тек бір күндік акция емес, өмірді сақтауға арналған ескертпе.
Балалар – болашағымыз. Олардың күлкісіне ешқандай қауіп көлеңке түсірмеуі тиіс.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған