Қарағандылық оқушылар АҚШ-та робототехника бойынша чемпионатта жүлдеге ие болды
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship 2025 мектеп инженериясы чемпионатында қарағандылық екі команда жоғары нәтиже көрсетті. Қарағандылықтар Core Values Coopertition Winner номинациясында үздік атанды.
Үш жас санаты мен түрлі номинациялар бойынша әлемнің 50 елінің 1058 командасының құрамында 110 мың қатысушы бақ сынасты. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қарағандылық Jeltoqsun командасы 258 команда арасында роботтар ойыны бойынша топ-20-ға енді. Осы мектептен Rasslexx Core Values Coopertition Winner номинациясында чемпион атанды.
Біздің еліміздің намысын Хьюстонда бар-жоғы жеті команда қорғады. Қазақстан құрамасы барлық үш жас санатында рекордтық жетістіктерге жетті. Осындай деңгейдегі нәтижелер – Қазақстан тарихындағы алғашқы жетістік. Құрама барлығы алты марапатқа ие болды. Қарағандылықтардан басқа Астана, Алматы және Павлодардан жинақталған жас инженерлер жеңіске жетті.