Қалалық коалиция мүшелері Ардагерлер кеңесі өкілдерімен жүздесті

Просмотров: 13

Қаламызда жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер жалғасуда. Бүгін қалалық коалиция мүшелері Теміртау қаласының Ардагерлер кеңесі өкілдерімен жүздесіп, ел өміріндегі маңызды саяси-құқықтық құжаттың мазмұны мен мән-маңызын жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары сөз болып, олардың мемлекет дамуының жаңа кезеңіндегі рөлі кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін орнықтыру, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігін тең ұштастыру мәселелері назардан тыс қалмады. Қатысушылар аталған реформалардың елдің тұрақтылығы мен ілгерілеуіне ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ жиында ұрпақтар сабақтастығы, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы аға буынның орны ерекше екені айтылды. Ардагерлер – тәуелсіздік жылдарындағы тарихи кезеңдердің тікелей куәгерлері. Сондықтан олардың өмірлік тәжірибесі, пайымды көзқарасы мен белсенді азаматтық ұстанымы қоғам дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды құндылық болып қала береді.

Жиын ашық диалог форматында өтіп, ардагерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, толғандырған сауалдарын қойды. Өзара құрмет пен түсіністікке негізделген кездесу мазмұнды әңгімеге ұласып, ортақ жауапкершілік пен ел болашағына деген сенімнің маңызын айқындай түсті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған