АЭС энергетикалық тәуелсіздікке жол ашады

Просмотров: 20

6 қазанда халық атом электр станциясының құрылысы бойынша таңдауын жасайды. Қазір елде тақырыпты қызу талқылау жүріп жатыр. Түрлі конференция мен қоғамдық тыңдаулар өткізілуде. Ұлттық ядролық орталықтың Энергия институтының эксперименттерді жобалау және басқару қызметінің басшысы Асхат ДҮЙСЕНБАЕВТЫҢ айтуынша, атом энергетикасын дамыту заман қажеттілігінен туындап отыр. Және бұл жұмысты жүргізетін мамандар елде жеткілікті.

Ұлттық ядролық орталық 1992 жылы құрылды. Мұнда 50-ші және 70-ші жылдары салынған екі зерттеу реакторлық кешені бар. Ғалым осы реакторлардың жұмысына тікелей қатысып, оларды қолдану көрсеткіштерін жақсартуға бақылау жасайды.
Қазір орталықта Қазақстанның әр түпкірінен келген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Жаңа мамандарды белсенді түрде тартып, оларды даярлауға баса көңіл бөледі.
– Біз өзіміздің инженерлер командасымен мақтанамыз. Олар жоғары нәтижелер көрсетіп, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады, – дейді Асхат Дүйсенбаев.
Ғалымның айтуынша, ғылым мен ядролық энергетиканы қоғамда насихаттаудың маңызы жоғары. Атом энергетикасы дәстүрлі отын түрлерін алмастыруы қажет.
– Менің ойымша, бізге атом энергетикасын дамыту қажет. Көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі ресурстар таусылып жатыр, сондықтан біз тұрақты энергия көздеріне, атап айтқанда атом электр станцияларына назар аударуымыз керек. Қазіргі реакторлар қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен және авариялық жағдайлардың минималды қаупімен ерекшеленеді, – дейді ол.
Атом электр станциясын салу мәселе арнайы өткен конференцияда да талқыланды. Яғни бұл жерде ядролық технологиялардың қауіпсіздігі қаралды. Сарапшылар ядролық объектілердегі заманауи қауіпсіздік жүйелерін, халықаралық стандарттар мен Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы тәжірибесін қарастырды. Келесі тақырып атом энергетикасының экологиялық тұрақтылығы болды. Қатысушылар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, ядролық қондырғыларды залалсыздандыру және пайдаланудан шығару мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі атом энергетикасының рөлі де қарастырылды. Бұл жерде төмен көміртекті энергия көзі ретінде атом энергетикасын дамыту перспективалары және оның Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі талқыға түсті.
Ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев ядролық технологиялар саласындағы ұлттық тәуелсіздікті нығайту үшін институттың ғылыми-зерттеу және өндірістік қызметінің маңыздылығын атап өтті. Қазір институт атом энергетикасын барынша қауіпсіз ету жаңа технологияларды әзірлеп жатыр.
– Ядролық физика институты Атом энергетикасы және өнеркәсіп саласында белсенді зерттеулер жүргізуде. Біз атом энергетикасын одан да қауіпсіз және тиімді етуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеп жатырмыз, – деді ғалым.
Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзіне сүйенсек, ел экономикасын тұрақты түрде қарқынмен дамыту үшін үлкен энергия көзі қажет. Қазір электр энергиясына сұраныс өсіп отыр.
– Ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына деген сұраныстың артуымен қатар жүруде. Цифрландыру, көлікті электрлендіру және энергияны көп қажет ететін салалардың өнімдерін тұтынудың өсуі сияқты жаһандық трендтер таза және жоғары тиімді энергия көздерін енгізуді талап етеді. Қазірдің өзінде өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, медицина, фармацевтика және ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін электр энергиясының едәуір көлемі, шамамен 8 ГВт қажет. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қабілетті. Алайда олардың дамуы қазір елдегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектелуде, – дейді министр.
Оның айтуынша, егер жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бүгінгі таңда еліміздегі электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі жалпы өндірістің 66 пайызын қамтамасыз ететін көмір станцияларына тиесілі.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері секторы айтарлықтай өсіп отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК объектілерінің саны 148 объектіге жетті. Алайда олардың энергия өндірудегі үлесі 6 пайыз ғана болып отыр.
2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд. кВтсағ деңгейінде болжанып отыр. Бұл ретте бірқатар объективті себептер салдарынан, яғни пайдаланудан шығару, тозудың артуы, экологиялық санкциялардың күшеюі сынды себептермен қолданыстағы энергия көздерін өндіру төмендейді және 135 млрд кВт/сағаттан аз болады.
Осыған байланысты 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету талап етіледі.
Қазіргі уақытта жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және кеңейту бойынша 22 инвестициялық келісім жасалды. Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматыда жалпы қуаты 3 500 МВт-тан асатын маневрлі газ электр станцияларын салу бойынша жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ, жаңа ЖЭО салу бойынша шаралар қабылдануда.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір бүкіл әлем көміртегі бейтараптығына бет бұруда. Сондықтан халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларын салуға инвестиция салудан бас тартады. Сонымен қатар, біз елдегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді жүзеге асыра алмаймыз. Өз кезегінде, жаңартылатын энергия көздері олардың жұмысын болжау мүмкін емес ететін табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігіне байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды, – дейді министр.
Министрдің пайымы бойынша әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім болып отыр. Қазіргі кезеңде АЭС-ке балама жоқ.

Манас АҚСАРЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған