Алғашқы алтын қоржында

Просмотров: 30

Жерлестеріміз XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп жатыр. Оның ішінде, қанжығасына алтын байлаған Елдос Сметов дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Бұл қазақстандықтар үшін естен кетпес ерекше сәт болды. Көк байрақтың Париж Олимпиадасының төрінде желбіреуі, Әнұранның аренада шырқалуы спортшыларға күш-жігер беріп, отандастарға жеңіс тұғырының алыс емес екендігін көрсетті.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Елдос Сметов осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасының күмісін, 2020 жылы Токионың қола жүлдесін еншілеген еді. 2024 жылы алтын алып, қазақ халқының үмітін ақтаған Алаш баласы өз әсерімен бөлісті.

– Сезімімді айтып жеткізе алмаймын, өте қуаныштымын. Жаныма жақын жандарға, бапкерлерге, мемлекет тарапынан жасалған қолдауға алғысымды айтамын. Сенімді, үмітті ақтадым деп ойлаймын. Мен 2016 жылы Олимпиада ойынында екінші орын алғанда, «Енді күреспеймін» деген шешім қабылдағанмын. Бірақ, марапаттауға шыққанда қазақ Әнұранын бүкіл әлем тік тұрып тыңдағанда, менде үлкен мотивация пайда болды. Неге менің Әнұранымды бүкіл әлем тыңдамайды? «Менің әлі мүмкіндігім бар» деп өзіме сөз бердім. Міне, бүгін сол күнге жеткеніме қуаныштымын, – дейді Елдос Сметов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон ар­қы­лы қоңырау шалып, Олимп шы­ңын бағындырған Елдос Сметов­ке лебізін білдірді.

– Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, жеңіске жеттің, нағыз жігітсің. Сен сияқты жігіттердің арқасында Туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа амандық тілеймін. Астанада кездескенше, – деді Президент.

Жалпы, Париж Олимпиадасына 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысуда. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы үшін бақ сынасады. Әр күнге бөлінген спорт түрлерінен де жеңіс тұғырын бермеген, оза шап­қан дүлдүлдер аз емес.

Қазақстан құрамасына тағы бір жүлдені тарту еткен Ислам Сәт­баев пен Александра Ле пневматикалық винтовкамен оқ ату бәсекесінде жеңіске жетті. Елдос Сметовтің жолын қуған дзюдо спортынан Ғұсман Қырғызбаев тағы бір қоланы қанжығалады. Ал, қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақынова бесінші орын иегері атанып, өз өкінішін білдірді. Бокстан Асланбек Шымбергенов, семсерлесуден Вадим Шарлаимов финалға жетпей, ойынды аяқтады. Олимпиаданы жарқын жеңіспен бастаған боксшы Айбек Оралбай, Назым Қызайбай, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, семсерлесуші Руслан Құрбанов, гимнаст Нариман Құрбанов пен Милад Карими финалда сынға түспек. Олимпиада ойындарының екі күндік жарыстағы қорытындысы бойынша, Ұлттық құрама 1 алтын және 2 қо­ланы қоржынға салды. Жалпы командалық есеп бойынша Қазақстан жетінші орында тұр.

Аружан СЕРІКБАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің
журналистика бөлімінің III курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған