Елордада жатақханадан өрт шығып, бес адам уланып қалды
Бүгін таңда Байқоңыр ауданы Тараз көшесінде орналасқан жатақханалардың бірінде бөлмелер мен ғимараттың шатыры жанды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде шатыр мен 3 және 4-қабаттағы бөлмелер жанып жатты. ТЖМ күштері баспалдақтың көмегімен 3-қабаттан 6 адамды құтқарды. Алдын ала мәліметтер бойынша түтіннен уланған 5 адам жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
«Өртті сөндіру жұмыстарын ғимараттың жан жағындағы өтетін жолдарда автокөліктердің тұруы қиындатты. Өрт 850 шаршы метр алаңда сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда», – делінген хабарламада.