Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады
2025 жылғы 11 қаңтар күні Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде жас сарбаздар үшін маңызды оқиға болды. Атап айтқанда, әскери бөлімнің саптық аланыңда 2-2024 жылғы шақырылымның ант қабылдау рәсімі өтті. Қазақстанның барлық өңірлерінен мерзімді қызмет өткеру үшін келген жас сарбаздар бір ай бойы дайындық курсынан өтті.
Бүгін олар Отан қорғаушылармен біртұтас сапқа тұрып, ресми түрде Отан қорғаушы атану үшін салтанатты түрде әскери ант қабылдады.
— Ән қабылдау сәті — әрбір азаматтың өмірінде маңызды рөл атқаратын ерекше күн. Себебі, Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіттердің есейіп, жауапкершілік алуы және ел үшін маңызды міндет атқаруы осы күннен басталады, -деді әскери бөлім командирінің бірінші орынбасары — штаб бастығы полковник Владимир Головко.
Жыл сайын Ұлттық ұлан қатарына республиканың түкпір-түкпірінен келген жас жігіттер Отанды қорғаудағы өздерінің қасиетті борышын атқарып, тұлға ретінде шыңдалады. Бұл оларға азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық іс-әрекеттерден және өзге де қауіптерден қорғау бойынша жоғары жауапкершілік жүктейді. Міне, бүгін де еліміздің он облысынан келген 440-тан астам жас сарбаз өздерінің анттарын қабылдады. Сонымен қатар, салтанатты шарада «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы полковник Ілияс Сағындықов сарбаздарды құттықтады.
Ант қабылдау рәсімі жас сарбаздардың саптық алаңдағы салтанатты шеруімен аяқталды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі