Шәмшінің соңғы әні

Просмотров: 6

Бүгін – даңқты композитор, қазақ вальсінің королі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, телегей теңіздей сезім сыйлаған, көңіл пернесін дөп басып, ыстық ынтызарлықтың, шексіз сүйіспеншіліктің төлқұжатындай болған әндері бүгінде әр қазақтың көкейінде сайрап-ақ тұр.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Қазақ музыка өнеріне мол мұра қалдырған тұлға. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы болды.

Кей деректерде композитор 300-ге жуық ән жазған деп айтылады. Дегенмен 2014 жылы сазгердің ұлы Мұхтар Қалдаяқов мұндай дерек шындыққа жанаспайтынын айта кетті. Сазгер 300-ге жуық әнді жатқа білген екен. Шәмшінің халық арасында тарап кеткен әндері де жетерлік.

– Көзі тірісінде әкем «Жақсы композитор болу үшін көп ән білу керек» деп айтып отыратын. Өзі де 300-ге жуық әнді жатқа білді. Сондықтан 300-дей ән жазды деп айтуға келмейді, ол осыншама әнді білген, – дейді ұлы.

Сазгер жайлы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, публицист, әдебиет зерттеушісі Мұзафар Әлімбаев өз естелігінде: «Шәмші бертінгі әндерімен ғана емес, алғашқы қадамдарында-ақ қалың көпшілікті бірден жалт қаратып, шырқау талантын шын­дап танытты. Басқаны былай қойғанда, әлемге әйгілі кемеңгер Мұх­тар Әуезов жас композитордың жайдарман әндеріне өзгеден бұрын назар аударды. Өзінің соңғы романы «Өскен өркенде» Шәм­шінің «Ақмаңдайлым» вальсіне байланысты естен кетпес эпизод қосып, композитордың атын атап, ән-өлеңінен үзінді келтірген», – деп жазады. Ал қырғыз жұртының халық жазушысы Шыңғыс Айтматов болса: «Шәмші Қалдаяқов – ән падишасы, ол бір қазаққа емес, бүкіл адам­затқа ән салдырған аса талант иесі» – деп бағалаған.

Шәмші Қалдаяқовтың ең соңғы әні – «Отырардағы той». Отырар ауданының 60 жылдық тойы болған кезде сазгер төсек тартып жатқан. Ауыр дертіне қарамастан ән жазып, өзінің оңтүстігін, қазақтың Отырарын әнге қосты. Туған жеріне деген ыстық ықыласын, мөлдір махаббатын әнмен жеткізді, рақметін айтқандай болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған