Тәуелсіздік – ұлт тарихындағы ұлы белес

Қарағандыда Орталық қалалық кітапханаға келетін оқырмандар көбейді

Қарағандыдағы Орталық қалалық кітапхана

Қарағанды тұрғындарының кітапқа деген ықыласы артып келеді. Орталық қалалық кітапханаға келетін оқырмандар саны өсіп, кітап қорына сұраныс жоғарылады. Бұл кітапхананың қала тұрғындарының мәдени өміріндегі орны әлі де маңызды екенін көрсетеді.

Қазір Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әсіресе жастарды әдебиетке баулуға ерекше мән беріліп отыр.

Оқырмандар қатары көбейген сайын кітапхананың өзі де жаңарып жатыр. Орталық қалалық кітапханада жөндеу жүргізіліп, ғимараттың іші жаңғыртылды. Кітап қоры жаңа басылымдармен толықтырылып, қосымша сөрелер қойылды, оқу орындары жаңартылды. Мұның бәрі оқырмандардың кітап оқып, ізденуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Кітапхана кеңістігін ұйымдастыруға да айрықша көңіл бөлінді. Мұнда жұмсақ жиһаз қойылған, сәндік камин мен аквариумы бар тыныштық аймағы ашылды. Келушілер бұл жерде ешнәрсеге алаңдамай кітап оқып, жұмыс істей алады.

Оқу залдары мен кіреберістегі фойе жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жақсартылды. Бұған қоса желдеткіштер мен қосымша жылыту радиаторлары орнатылды.

Кездесулер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар өткізуге арналған жеке бөлме жабдықталды. Бөлменің безендірілуінде ұлттық нақышқа басымдық берілген.

Бүгінде Орталық қалалық кітапхана кітап сақтап, оқырманға ұсынатын орынмен ғана шектелмей, білім мен танымға жол ашатын, пікір алмасуға және рухани дамуға мүмкіндік беретін мәдени ортаға айналып келеді.

Орталық қалалық кітапхананың мекенжайы: Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 45.

Қаланың мәдени инфрақұрылымын дамыту және кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында кітапханаларды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (Қарағанды қаласы әкімдігінің ақпараты)

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Осы тақырыпта