Астанада XI республикалық WorldSkills Kazakhstan 2026 кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. Байқауға еліміздің 20 өңірінен 800-ден астам жас маман келген. Қарағанды облысын 50 студент пен жас маманнан жасақталған құрама команда таныстырып жүр.
Чемпионат 25–30 қараша аралығында өтеді. Қатысушылар 44 құзыреттілік бойынша жарысады, олардың кәсіби дағдысын мыңға жуық сарапшы бағалайды. Қарағандылықтар соның 41 бағытында өнер көрсетеді.
Биылғы чемпионаттың басты жаңалығы – конкурстық тапсырмаларға жасанды интеллект құралдарының енгізілуі. Яғни жас мамандар тек қолөнер шеберлігін ғана емес, заманауи цифрлық құралдарды пайдалана білуін де дәлелдеуге тиіс.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (gov.kz)
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

