Жастарды жұмыспен қамту – ұлт болашағына жасалған қадам  

Просмотров: 127

Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауының тарихи ерекшелігі – елімізді жаңа демократиялық мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қағидаларына негізделгені. Қоғамда қалыптасқан қандай мәселелер бар, соның барлығы сала бойынша осы құжатта қамтылған. Соған сәйкес нақтыланған бағыттар Үкімет басшысының қадағалауымен жүзеге асырылады. Біздің облыста да Жолдауда айтылған басым бағыттар, жоспарланған жұмыстар уақытылы әрі сапалы іске асырылатынына сенеміз.

Жолдаудағы негізгі бағыттың бірі – әлеуметтік сала.

Экономикалық дамуымыздың негізі әлеуметтік саламен байланысты екені белгілі. Осы орайда ел болашағына арналған инвестиция туралы айтылды. Ол – денсаулық сақтау, білім саласы. Соның ішінде өте маңыздысы – жастарды кәсіби білімге бағдарлау, кәсіптік білім беру. Осыған байланысты техникалық-кәсіптік білім беруге берілетін гранттарды өңірдің экономикалық сұранысына сәйкес дайындаса, жастардың өмірден өз орнын табуына мүмкіндік болар еді. «Білімсіз, ғылымсыз елдің болашағы бұлыңғыр» деген қағида бар. Осы орайда жоғары білімді дамытуда да жаңа белеске көтеру, халықаралық тәжірибелерді ескеру туралы айтылды.

Жолдауда тағы бір ерекше айтылған мәселе – келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру. Президент өз сөзінде: «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі», – деді.

Қазіргі жұмыссыз жүрген жастарды кәсіппен баулып, жұмыспен қамту – ұлттың болашағына жасалып жатқан үлкен қадам. Сондай-ақ Жолдауда Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету туралы айтты. Соңғы кезде «Мерейлі отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Десе де еңбек адамдарын насихаттауды, көпшілікке таныстыруды тереңірек жандандыруымыз керек. Еңбек қоғамын құруға бағыт алуымыз қажет. Президент «заң және тәртіп» деп атап өтіп, осы бағытта да бірқатар міндет жүктегені белгілі. Әсіресе Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау жөнінде айтқаны көпшіліктің көкейінен шыққаны анық және мұны Президенттің әділетті қоғам құру бағытындағы әділетті шешімі деп білеміз.

– Елдің әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған жаңа реформаға Қарағанды өңірінің жастары да бейжай қарамайды. Жастар ресурстық орталығының ұжымы Жолдауды мұқият тыңдап шықты. Сан саланы қамтыған басты құжатта Президенттің жастар мәселесіне айрықша тоқталғаны көңіл қуантты. Әсіресе келесі жылы 100 мың жасты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасы көпті қуантып отыр.

– Сонымен бірге Жолдауда кәсіпке бейімі бар, кәсіпке икемделетін, кәсіп бастағысы келетін жастарға қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан аз пайызды несиелермен қамтамасыз ету секілді нақты іс-шаралар ұсынылып отыр, – дейді Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қабышев Әділ Аманұлы.

Ал «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ Олжас Бейсенбаев қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылығы, жалғасты болуы өте маңызды екенін атап өтті:

– Қазіргі Президент Жолдауында жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр, яғни жариялылық принципіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Біздің Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары жаз айларында біраз эксперттік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп, қазіргі қоғамда әлеуметтік-экономикалық проблемалардың алға шыққаны айтылған еді. Міне, Президент Жолдауында бірінші блокта әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ең бірінші көңіл аударылғанын көріп отырмыз. Әрине, қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып отырғаны – Президент сайлауы, Парламент және Мәслихат сайлаулары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған