Мəселелер назарға алынды
Апта соңында «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы ғимаратының мəжіліс залында аймақ басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ бизнес қауымдастық өкілдерімен мақсатты негізде кездесіп, көкейкесті мəселелерді талқылады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті қорғау тетіктерін күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыстың Кəсіпкерлер палатасында бизнестің проблемалық мəселелері жəне оларды шешу жолдарын талқылауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде. Бұл мəселе – облыс əкімінің де назарында. Осы мақсатта аймақ басшысы кəсіпкерлерді қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдап келеді. Аталған кездесу – соның бір айғағы.
Спикерлердің сөзінен кейін облыс əкімі бизнес өкілдерінің талап-тілектеріне құлақ түрді. Өтініштердің бір бөлігі əлеуметтік мəселелерге қатысты болды. ҚР заңнамасына сəйкес, мемлекеттік сатып алудағы шартты пысықтау, электр энергиясы тарифтері, жеңілдікті несиелік пайыздық мөлшерлемелер, құрылыс материалдарының бағасы, газбен жабдықтау, өңірде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру сияқты өзекті мəселелер əңгіме өзегіне айналды.
Аймақ басшысына жүгінгендердің тағы бір бөлігі өңірлік Кəсіпкерлер палатасы арқылы бизнестің дамуына ықпал етуі тиіс ұсыныстарын ортаға салды.
Берік Əбдіғалиұлы кəсіпкерлердің əр өтініші бойынша жеке түсініктеме берді. Егжей-тегжейлі зерделеуді қажет ететіндері құзіретті органдарға ұсынылатын болды немесе уəкілетті мемлекеттік органдарға тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды.
Қатысушылар облыс əкіміне кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, осындай іс-шаралардың арқасында бизнестің күрделі мəселелерін жедел шешуге үміт бар екенін атап өтті.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.